Трамп Вашингтондағы үйсіздерді қаладан аластағысы келеді

АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтондағы үйсіздерді қала орталығынан көшірмек ниетте.

"Мен астанамызды бұрынғыдан да қауіпсіз әрі көркем етпекпін. Үйсіздер қала орталығынан дереу кеткені жөн. Біз сіздерге тұратын орын береміз, бірақ ол астанадан алыс жерде болады. Ал қылмыскерлерге – барар жер, басар тау жоқ. Біз сіздерді түрмеге жабамыз, сіздердің орындарыңыз сол жерде. Барлығы шекарадағыдай өте жылдам болады", – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Ол өз жоспары қылмыспен күресуді ғана емес, оған қоса Вашингтонды "көркейту" шараларын да қамтитынын айтты. Трамп бұл жоспардың толық нұсқасын дүйсенбі, 11 тамызда өтетін баспасөз конференциясында баяндамақ.

Бұдан бөлек, президент әлеуметтік желідегі жеке бір постында:

"...Қылмыс көрсеткіші тек нашарлап бара жатыр, қала барған сайын лас әрі сұрықсыз болып көрінеді... Шатырлар, қайыршылық, лас-қоқыс пен қылмыс пайда болмас бұрын астана әлемдегі ең әдемі қала еді. Жақында ол қайтадан сондай болады", – деп жазды.