ISW: Путин АҚШ пен Еуропаны араздастырғысы келеді

Ресей президенті Владимир Путиннің суретінен жасалған коллаж

АҚШ-тың Соғысты зерттеу институтының (ISW) баяндамасында Кремль алдағы АҚШ–Ресей саммитін Украинада бейбітшілік орнатуға шынайы қадамдар жасау үшін емес, АҚШ пен Еуропаның арасына жік салу үшін пайдалануға тырысады деп көрсетілген.

Ресей өкілдерінің бірқатар мәлімдемелерін талдағаннан кейін сарапшылар Ресей бұрыннан келе жатқан әскери мақсаттарынан бас тартуға әлі дайын емес деген қорытындыға келген. Ресейдің мақсаттарына: Украинаның НАТО-ға мүше болуына жол бермеу, Украинада ресейшіл қуыршақ үкіметтің билікке келуі және Украинаны толық қарусыздандыру, яғни оның толық капитуляциясы жатады. ISW болжамынша, Ресей болашақта атысты тоқтату туралы қандай да болмасын келісімді бұзып, оған Украинаны айыптауы мүмкін – Мәскеу 2025 жылдың көктемінде әлденеше рет сөйткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Медведевтің "АҚШ-Ресей соғысы" туралы сөзінен кейін екі сүңгуір қайықты орналастыруға бұйрық берді

ISW Ресейдің қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің Еуропаны "АҚШ-тың Украинадағы соғысты тоқтатуына кедергі жасауға тырысты" деп айыптаған сөздеріне назар аударады. Оған қоса, Ресей либерал-демократиялық партиясының (ЛДПР) жетекшісі Леонид Слуцкий 9 тамызда еуропалық елдер "антиресейлік саясат жүргізіп, Украинада бейбітшілік ісін жылдам реттеуге кедергі келтіріп отыр" деп мәлімдеген.

Одан бөлек, ресейлік саясаттанушы Сергей Марков 10 тамызда The Washington Post газетіне берген сұхбатында, Ресей президенті Владимир Путиннің Аляскада өткелі отырған саммиттегі басты мақсаты – Украинада бейбітшілік орнатуға кедергі ретінде Ресейді емес, Украина мен Еуропаны көрсету екенін айтты. Ол, сондай-ақ, Ресейдің ешбір талапқа көнбейтінін атап өтті.

Сарапшылар Кремль АҚШ, Еуропа және Украинаның бірлігін әлсіретуді көздейтін кең ауқымды науқанды бұрыннан жүргізіп келе жатыр дейді. Олардың айтуынша, бұл науқан Батыстың Украинаны қолдауын шектеу және Украинаға қарсы ашқан соғысты тоқтату мәселесіне байланысты бастапқы талаптарынан бас тартқысы келмейтін Путиннен назарды басқа жаққа бұру мақсатын көздейді.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин 15 тамызда Аляскада кездеспекші.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Путинмен "келесі аптада кездесуге дайын"